КМҚК  «Теміртау қалалық

тарихи-өлкетану музейі»

ғылыми қызметкер

Шувалова О.А.

 

1925 жылғы 18 желтоқсандағы БКП (б) XIV съезінде бекітілген индустрияландыру саясатын жүргізу барысында экономикалық артта қалған аграрлық елді қуатты индустриялық державаға айналдыру қажет болды. ГОЭРЛО жоспары белгіленді, оған сәйкес Орталықты ғана емес, Кеңес Одағының құрамына кіретін барлық республикаларды электрлендіру қарастырылды.

 

Еліміздің игерілмеген шығыс өңірлеріне, оның ішінде Қазақстанға да ерекше көңіл бөлінді. Мұнда, қазір Теміртау металлургтер қаласы орналасқан, ол кезде Самарқанд кенті болған (1905 жылдың ортасында байырғы тұрғындар мен Столыпин реформасы аясында осында келген қоныс аударушылардан құрылған) қазақ даласында өнеркәсіп болған жоқ. Дегенмен, Қарағандыда бірнеше шағын көмір кеніштері, Успен кеніші және Спассктегі шағын мыс балқыту зауыты болды. Белгіленген бағыт жағдайды өзгертуі керек еді.

Белгілі қазақ ғалымы геолог Қ.И. Сәтбаев 1927-1928 жылдары Жезқазған, Қарсақпай, Атбасар, Спасск, Қарағанды көмір бассейні, Қаратау полиметалл кен орындарының мүмкіндіктерін талдап, маңызды ғылыми еңбектерін жариялады. Ақтас темір-марганец кен орындарын зерттеу негізінде ол Қарағанды облысында қара металлургияны дамыту туралы мәселені көтеріп, орталық билікке аймақты терең геологиялық зерттеу ұсынысымен жүгінді. Орталық қарсы болмады.

 Ақмола, Павлодар және Семей облыстарының аумағында И.С.Яговкин, М.П. Русаков, Н. Г. Касмин басқарған Ленинград геологиялық отрядтары іздестіру жұмыстарын жүргізе бастады. Мамандар мыс және полиметалл кен орындарын тапты. Іздестіру жұмыстарының нәтижелері Қ. И. Сәтбаевтың ұсыныстарын растады.

Алынған мәліметтерге сүйене отырып, Еңбек және Қорғаныс Кеңесі 1929 жылы 2 тамызда «түсті металл өнеркәсібін дамыту мүмкіншіліктері туралы» қаулы қабылдады. Қазақстан түсті металдарды өндіру бойынша негізгі аймақ болып танылды. Осы қаулы шеңберінде геолог – ғалым Қ. Сәтбаев Нұра өзенінің жағасында, Самарқанд кент ауданында мыс балқыту зауытын құру туралы ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, құрылысшылар мен Үкіметтің алдында өңірді ауыз су мен техникалық сумен жабдықтау міндеті тұрды... Осы мәселелерді шешу үшін «Қазмысқұрылыс» тресінің басшылығы Ленинград қаласынан мемлекеттік гидрологиялық институттың (МГИ) ғалымдарынан көмек сұрады.

1930 жылы гидрологиялық институт «Қазмысқұрылыс» трестінің барлық өнеркәсіптік нысандары үшін сумен жабдықтау көздерін іздестіру мақсатында экспедиция құрды. Жұмыстың жалпы көлемі шамамен 100 шаршы км мензульдік түсірілім, 1000 км-ден астам нивелирлеу, 500-ге жуық химиялық талдаудан тұрды. Экспедиция үлкен болған жоқ, бірақ мамандар жоғары санатты болды - экспедиция жетекшісі Н.Н.Данилов, бас инженер Петр Шергин. Геологиялық зерттеулерге В.Н.Вознесенский, метеорологиялық зерттеулерге Н.П.Новицкий, топографиялық зерттеулерге Н.Корнаков жауапты болды. Бұрғылау жұмыстарын В. А. Курдюков басқарды.

1931 жылдың екінші жартысында Самарқанд кентінің ауданында Нұра өзенінің бассейніне жеңіл зерттеулер жүргізілді. Дәл осы жердің бедері бөгет салу үшін, сәйкесінше өндірістік нысандар үшін қолайлы болды.

Алайда, Қоңырат ауданындағы мыс кен орындарының көлемі туралы деректер айқындалғаннан кейін Балқаш көлінде кен өндіру орнына жақын жерде мыс балқыту зауытын салу туралы шешім қабылданды. Бірақ Нұра өзенінде бөгет салу идеясы әлі де өзекті болды, өйткені дамып келе жатқан Қарағанды көмір бассейніне электр қуаты мен су жетіспеді. 1930 жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында МГИ экспедициялық секторының бірінші іздестіру партиясы Нұра өзенінде су өлшегіш бекеттерді орнатып, Самарқанд кентінің барлық 33 құдықтарында және Нұра өзенінің әртүрлі жерлерінде суды талдау жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстар барысында жоспарланған бөгеттің осі бойынша бұрғылау жұмыстары жүргізілген учаске анықталды.

1932 жылы Қарағанды үшін су құбырының құрылысы басталды, 1933 жылдың 19 шілдесінде Нұра су құбыры арқылы су Қарағандыға жетті, ал 1934 жылдың 1 қаңтарына қарай ұзындығы шамамен 30 км су құбырын салу бойынша барлық жұмыстар аяқталды.

1933 жыл электр станциясы мен су қоймасы бөгетінің орналасқан жерін нақтылау бойынша кең ізденістер жылы болды. Бір жылдан кейін Гидрожоба институтының Мәскеу бөлімшесі жұмыс сызбаларын әзірледі.

Жұмыстарды одан әрі жүргізу үшін құрылысшылар кадрлары қажет болды, осыған байланысты жұмысшыларды қабылдау ұйымдастырылды (негізінен жұмысшы кадрларды үндеу арқылы шақыру және халықтық құрылыс жариялау арқылы). Сонымен қатар, 1934 жылдың жазында ДнепроГЭС құрылысы аяқталғаннан кейін ҚарМАЭС құрылысына Басэнерго бұйрығы бойынша 50 құрылысшы жіберілді.

 Осы уақытта Басэнергоның тапсырмасы бойынша Жылу электр жобасы институтының Мәскеу бөлімшесі 100 мгвт электр станциясының техникалық жобасын жасады және ол 1934 жылы 21 сәуірде бекітілді. Құрылыс құны 65-70 миллион рубльді құрады. Қажетті құрылыс материалдары мен жабдықтарды жеткізуге мүмкіндік беретін Солоничкадан құрылыс алаңына дейін теміржол желісін салу бірінші кезектегі жұмыстардың қатарында тұрды. Құрылыстың екінші маңызды нысаны уақытша электр станциясы болды, өйткені бұрын орнатылған локомобиль құрылыс алаңын жарықтандырудың кішігірім қажеттіліктерін қамтамасыз етпеді.

Уақыт өте берді, құрылыс жұмыстары баяу жүрді, болашақ ҚарМАЭС-тің негізгі жабдықтары әлі бөлінбеді, ал 1939 жылдың қаңтарында Басшығысэнерго Қарағанды көмір бассейнінен басқа электр энергияның ірі тұтынушыларының болмауына байланысты ҚарМАЭС қуатын 12 мгвт-тан 2 турбогенератор орнатумен 24 мгвт-қа дейін шектеу туралы шешім қабылдады. Техникалық жобаның бұл нұсқасы 1939 жылы 26 сәуірде № 17 хаттама бойынша бекітілді.

Негізгі құрылыс учаскелерінің бірі су торабы болып қала берді, онда бөгет салу жұмыстары жазғы кезеңде жүргізілді, ал қыста су төгетін шұңқыр мен каналдың түбі қазылды. Күн сайын жұмысқа екі мыңға жуық адам шығарылды. Инженерлік-техникалық құрамнан және жергілікті тұрғындардан басқа, бөгет құрылысына Карлаг тұтқындары қатысты. 1938 жылы су торабындағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. 1939 жылдың көктемінде Нұра өзенінің арнасы толығымен жабылды. Су қоймасын сумен толтыру басталды. Су қоймасы айнасының толық қалыптасуы 22 жылға созылды және 1961 жылдың көктемінде аяқталды.

1940 жылдардың басында Қарағанды өңірін энергиямен жабдықтау жағдайы айтарлықтай өзгерді, болашақ алюминий комбинаты және ҚарМАЭС көршісі – синтетикалық кәушүк зауыты сияқты электр энергиясын тұтынушылар пайда болды. ГРЭС қуатын арттыру туралы мәселе тағы да көтерілді.

Ұлы Отан соғысы басталғанына қарамастан, станцияның құрылысы бір сәтке де тоқтаған жоқ. Майданға шақырылмағандардың бәрі, электр станциясының қуаттылығын арттырудың маңыздылығын түсініп, құрылыста жұмыс істеді. Көп ұзамай АТ-25 – 1 Л.М.З.  типті турбина Киевтік ЖЭО-мен бірге келді, ол бірден монтаждалды. Эвакуация бойынша келген Штеров ГРЭС-тің 130 тәжірибелі қызметкері үлкен көмек көрсетті. Жұмыстар барлық бағыттар бойынша және барлық учаскелерде бір мезгілде жүргізілді. Адамдар ауа-райының қолайсыздығына және тұрмыстық қиындықтарға қарамастан жанқиярлықпен жұмыс істеді. Турбинаны салу және монтаждау барысында Ленинград қаласының 30 ТЭП инженерлер тобы үлкен көмек көрсетті: С. А. Новоселов, В. А. Путинцев, В. И. Дикушин.

1942 жыл қарбалас болды, бірақ маңызды сәт өзін көп күттірмеді. 18 қазанда өнімділігі сағатына 120/150 тонна қазандық агрегат пен қуаты 25 мың квт турбогенератор іске қосылды. Осылайша, Қарағанды ГРЭС-1 өнеркәсіптік пайдаланысқа берілді және ток кернеуі 110 квт электр желісі бойынша Қарағандыға жетті.

1942-45 жылдары электр станциясының жұмыс қуаты 25000 квт, ал Қарағанды өңірінің барлық энергожүйесінің толық қуаты 45 500 квт құрады.

1945 жылы жаңа қуатты қазандық агрегаты мен № 2 турбогенераторын орнату жұмыстары басталды. 1946 жылы 26 мамырда станцияның екінші кезегі пайдалануға берілді. 1956 жылға қарай № 11 қазандық пен №9 турбогенератордың іске қосылуымен станцияның негізгі қуатын арттыру аяқталды.

Көптеген жылдар бойы ҚарМАЭС-1 Қарағанды энергожүйесінің жетекші станциясы болды және көмір бассейнін электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша барлық жүктілікті көтерді.

Сол кезеңде қуатты агрегаттарды іске қосу Қарағанды өнеркәсібін электр энергиясымен қамтамасыз етумен қатар, Теміртау қаласында салынған Қарағанды синтетикалық кәушүк зауытына және Қазақ металлургия зауытына толық қуатта жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Бұл кәсіпорындардың өнімдері барлық одақтас республикаларға жеткізілді. Дәл осы кәсіпорындар болашақ өнеркәсіптік қаланың қалыптасуының бастапқы нүктесі болды.

Теміртаулықтардың бірнеше буынын байланыстырған өнеркәсіптік нысандардың құрылысы арқылы индустрияландыру тынысы қазақ даласына да жетті.

Байланыстар

101404, Қарағанды ​​облысы
Теміртау қ. Металлугтер даңғ. 28/4

@

This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

+7 (7213) 93-19-05
+7 747 185 58 02

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі-жұма

9.00 - 18.00-ге дейін

Сенбі-10.00 - 18.00-ге дейін

Жексенбі-демалыс.