14 мамыр сағат 12.00- де Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінің алаңында Халықаралық музейлер күніне арналған «Жәдігер бенефисі. Дүрліккен ыдыс-аяқ» атты іс-шара өткізіледі.
Бенефистің басты кейіпкері – ыдыс-аяқ, барлық іс әрекет соның айналасында өрістелген. Музей алдындағы алаңда 9 шығармашылық алаңқайлар жұмыс жасайды. Орталық алаңда Теміртаулық тарихи-өлкетану музейі мен Қарағанды облыстық музей қорында сақталатын ыдыс-аяқтар жинағының көрмесі орналасады. Экспозицияда этнографиялық, тұрмыстық, тарихи және әскери-жорық ыдыстар ұсынылады. Сонымен қатар экспозициялық алаңда «Ыдыстар салтанаты» атты сайысқа қатысатын түрлі креативтік ыдыстар үлгісі көрсетіледі.
Мерекеге қатысушылар мен қонақтар Г.Жұбанов атындағы өнер мектебі оқушыларының шебер қолдарымен көркемделген подностарды, Т.С. Дүйсенбековтың ағашты ойып, ыдыс жасау шеберлігін, «Кореяна» этно-мәдени орталығы мүшелерінің кукси тағамына қолданылатын кеспені қалай даярлайтынын көре алады. Өз қалауына қарай келушілер спортсмен, суретші, мүсінші ролін атқара алады. Ал алаңның қақ ортасында қаланың өнерпаз ұжымдары өнер көрсетіп, ыдыстар тарихы бойынша көңілді де қызықты танымдылық ойындар өткізіледі.