2024 жылғы 18 наурызында «Ай жәдігері» жобасы аясында онлайн режимде «Кісе белбеу» экспозициясының ашылуы өтті.
Қазақтың ұлттық киімі өзінің әсемдігімен және алуан түрлігімен ерекшеленеді. Оның үлгілері әлемдік мәдениеттің ажырамас бір бөлігіне айналып, әлемнің этнографиялық музейлерінде лайықты орын алды. Қазақ ұлттық киімінде халықтың эстетикалық мұраттары, оның өмір салты көрініс тапты. Бас киімдер, зергерлік бұйымдар, ерлер шапаны, ою-өрнекпен безендірілген әйелдер камзолы – бұл қазақ ұлттық мұраның аз ғана бөлігі. Олардың ішінде ерлер белбеуі - кісе белбеу ерекше орын алады.
Қазақ халқының зергерлік өнер үлгілерінің бірі - кісе белбеу біздің жобамызда ұсынылып отыр. Ол күміс жалатылған металмен безендірілген былғарыдан, Моңғолияда ХХ ғасырда тапсырыс бойынша жасалған және Теміртау қаласының тұрғыны Ж.Қағбаттың әкесінің жеке заты.
Бүгінде көптеген дәстүрлер қайта келмес заманда, кешегі күнде қалды. Дегенмен, күнделікті қолданыстан шыққан, музей жәдігеріне айналған, материалдық мәдениетке жататын заттар туралы баяндап, біз әр кез тарихи мұрамызды жаңғыртып отырамыз.