31 мамырда «Теміртау қ. ішкі саясат бөлімі» ММ және «Теміртау қалалықтарихи-өлкетану музейі» КМҚК бірлесе отырып саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап «Төңкерілген әлем: архивтік құжаттар сөйлейді» тақырыбында сұхбат алаңын ашты.
Тікен сыммен қоршалған және қарауылдартұратын мұнаралары бар «түрме», бұрындары жарық көрмеген, бірегей қуғын-сүргін құжаттары, құрбандар есімі жазылған зират ағашының кесіктері - сол кезеңнің көркемдік бейнесі мен архивтік құжаттарын сүйектен өтердей етіп біріктіріп тұрған инсталляция әңгімеге ерекше әсер берді.
Сұхбат алаңында ортаға салынған өзекті ой – біріншіден музейдің зерттеу жұмысының нәтижесінде жарық көрген ақталған азаматтардың архивтері болса, екіншіден ҚМИУ студенттерінің отбасының саяси қуғын-сүргін кезіндегі зерттелген тарихы болды. Студенттер бұл жұмысты Ішкі саясат бөлімінің жетекшілігімен жасады. Сұхбатқа музей қызметкерлері мен студенттерден басқа қаламыздың этно-мәдени орталықтары мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері де қатысты.
Сұхбат алаңындағы әңгіме барысында айтылған басты мәселенің бірі – бұл тоталитаризм кезеңінен 90 жыл өткеннен кейін архивтік құжаттарды жарыққа шығарып, отбасылық тарихты зерттеп және осының бәрін келешек ұрпаққа жеткізу қажет пе? Қатысушылар жарық көрген құжаттар мен естеліктер елтарихын, қала тарихын танып білудегі басты қайнар көзі болып табылады деп бір ауыздан шешті. Бұл отырыстың нәтижесінде Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі, ҚМИУ және Теміртаулық музей Теміртау қаласының саяси қуғын сүргін құрбандарының ұрпақтарымен жұмыс жүргізу туралы өзара келісім шарт жасауға келісті.