2018 жылдың 9 қарашасында Теміртау тарихи-өлкетану музейінде Александр Литвиновтың "Эклектика дәруіші" атты жеке көрмесі ашылды.
Салтанатты түрде, қызыл таспаны кесіп, суретші өзінің төртінші жеке көрмесін ашты.
Жиналған қонақтар соңғы бір жылда Архитектура, Портреттер, Гүл бейнесіндегі жауынгерлер, Дәруіштер, Ню және Сюжеттер тақырыбында жазылған 85 өнер туындыларын тамашалады. Олардың кейбіреуін Александр қайта жазып, танымастай етіп жаңартты.
Бұл жолғы туындылардың жазылу тәсілі бұдан алдындағы сурет салу мәнерінен айырмашылығы зор. Александр өте шығармашыл жан, әрдайым өз шығармашылығының жаңа қырындарын іздеп, техникалық тәсілдерін жаңартып отырады.
Ашылу салтанатында суретшінің достары әрі әріптестері Н. Пашкова мен С. Козодеров сөз сөйледі. Көрмедегі суреттермен келген қонақтарды таныстырып суретші бірінші экскурсияны өткізді.