2018 жылдың 25 мамырында Теміртау тарихи-өлкетану музейінде қаламыздың суретшілері мен фотосуретшілерінің шығармашылығынан «Бір жұмыстың көрмесі» атты вернисаж ашылды.
Әрбір қатысушыдан бір ғана жұмыс ұсынылды. Вернисаж 32 суретші мен фотосуретшінің басын қосты. Бұл қаламыздың «Т-Арт» қалалық суретшілер клубының және «Сплав» халық фотоклубының мүшелері. Көрмеде орын алатын бір шығармашылық жұмыс автор үшін, жасалған уақытына қарамастан, жан дүниесін айқындайтын ерекше шығармашылық туынды саналады. Бейнелеу өнері мен фотосурет өнерін біріктірген көрме музейде алғаш рет ашылды.
Қонақтар үшін А. Великанов пен Е. Тимершаихованың орындауында әсем әуендер ерекше әсер берді.
Көрменің ашылуына Ғ. Жұбанова атындағы өнер мектебінің оқушылары және Политехникалық колледждің «Дизайн» факультетінің студенттері шақырылды. Сонымен қатар, қаламыздың зиялы қауымы көрменің құрметті қонағы болды.