2018 жылы 12 шілдеде Теміртау тарихи-өлкетану музейінде, Металлургтер мерекесіне арналған, «Gefest game» интерактивтік-танымдық ойынның тұсау кесері өтті.
Бұл жобаның мақсаты: қаламыздың жас тұрғындары мен қонақтарын металлург қызметінің қыр-сырымен және Теміртау қаласындағы Металлургиялық комбинаттың тарихымен таныстыру. Бұл таныстыру мақсаты ерекше форматта ұйымдастырылды.
Жобаға қатысушыларға 30 тапсырмадан тұратын сұрақ қағаздары таратылды: ребусты, жұмбақты шешу, затты көлеңкесіне қарай анықтау. Бұл тапсырмалардың жауабы – музей қорында сақталатын жәдігерлер: жұмысшының арнайы киімі, еңбек құралдары, металдан жасалған заттар, суреттер мен муляждар. Бұл заттарды жауабына қарай сәйкес келетін ұяшыққа орналастыру қажет. Әрбір ұяшықтың нөмірі тапсырма нөміріне сәйкес.
Алғашқы қатысушылар жазғы репетиторлық орталықта дем алып жатқан балалар және олардың ата-аналары болды.
Өте қызықты түрде өткен ойын балаларға қатты ұнады. Олар Теміртау қаласындағы металлургиялық істің тарихымен егжей-тегжейлі танысты.
Интерактивтік-танымдық ойын музейге келушілер үшін екі ай бойы жұмыс істейді.