Соңғы 5 жылда музейде мүмкіндігі шектелген жандармен жұмыс жасауға бағытталған «Шексіз музей» атты жоба жұмыс істейді. Жоба аясында қазақ халқының тарихын, мәдениетін және дәстүрін зерттеп тану мақсатында арнайы бағдарламалар құрастырылады.
2019 жылы 9 қаңтарда Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінде дамуы шектелген балаларға арналған «Теміртау тарихы өз қолымызда!» атты зерттемелік іс-шара өткізілді.
Бұл жолы музейде қонақта «Теміртау қ. мүмкіншілігі шектелген адамдарға арналған мәдени-бейімделу орталығы» КММ тәрбиеленушілері болды. Дамуы шектелген балалар үшін музей әлемінің шекарасы кеңінен ашылды. Барлық жәдігерлер қол жетімді жерге орналастырылды. Қолмен ұстап көру арқылы және интерактивтік аймақтардың көмегімен іс-шара қатысушылары Теміртау қаласының тарихын зерттеді.
Балалар Самарқанд елді-мекенінің тұрғындары Қоянды жәрмеңкесінде сатып алған тауарлармен танысып, оларды қолмен ұстап көрді, 30-60-шы жылдардағы жәдігерлерді көріп, Самарқанд елді-мекеніндегі өнеркәсіп нысандарының құрылысы туралы ақпарат алды. Зерттемелік бағдарлама қамшы өру, ағаш үтік – рубельдің күшімен үтіктеу, «достық қабырғасын» қалау сияқты интерактивтік кезеңдермен толықтырылды. Сонымен қатар, топта жұмыс жасау әдісі қолданылды: балалар Қазақстан Магниткасына аттану үшін комсомол жастардың шабаданын жинап, алғашқы құрылысшылардың шатырлы қалашығына орналасты.
Іс-шара барысында балалар Теміртау тарихы бойынша жаңа мәліметтермен танысып, ой-өрісін кеңейтіп, өзара қарым-қатынас қабілеттерін арттырды.