Теміртауда ерекше көрме ашылды. Қаланың өлкетану мұражайына ежелгі медициналық құрал-жабдықтар мен осы саладағы деректер қойылған. Көрмеге келушілер назарына металлургтер шаһарындағы емханалардың үздік мамандары жайында да жүздеген материалдар ұсынылады. Таң қалдырарлық айрықша көрме туралы Айжан Қуаштың бейнематериалында.

Ескі медициналық құрал-жабдық, сәулемен емдеу қондырғылары, ақ халаттар, кәдімгі емханада жүргендей, әсер қалдырады. Мұражай қызметкерлері, бұл жәдігерлер сонау 1950 жылдары қолданылғанын айтады. Олар жергілікті хирургтерден ота кезінде науқастардың денесінен алынған заттарға дейін жинапты. Арасында адамның көзіне қадалған қармақ пен әйнек сынығы да бар.

Гүлім Сыздықова:

Өмірімде бірінші рет құрал-саймандар ұстап, ерекше әсер алдым. Сөзбен айтуға келмейді. Өзімді дәрігерлердің орнына қойып, елестетіп кеттім. Жас кезімде келгенде, дәрігер мамандығын таңдар-ем.

Мынау - Теміртаудың алғашқы травматологы Сергей Сливныхтың ғылыми еңбегі. Ол металлургия комбинатында жарақат алатындардың көптігін жазып, биліктен мәселені шешуді сұрапты. Өндірістік қауіпсіздіктің сақталуына мұрындық болған ғалымның еңбегі осыдан 65 жыл бұрын жазылғанымен, әлі күнге өзекті.

Татьяна Хмелева,Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері:

Ол кезде техникалық жағдайдың нашарлығынан, қауіпсіздік сақталмады. Жұмысшылар көп жарақаттанды. Сергей Сливных осы жарақаттарды азайтуға себепкер болды. Өз еңбегін, пікірін басшыларға тыңдата білді. Үгіт-насихат жүргізді.

Мұражай қызметкерлері медицинаның өткені мен бүгінін ұштастыруға тырысқан. Қабырғаларға бүгінде еңбек етіп жүрген үздік дәрігерлер мен олардың еңбектері жайлы да ақпараттар ілініп тұр. Ал, мына шағын бекет кішкентай теміртаулықтардың көңілінен шыққан секілді. Анатолий Шевченко да дәрігер болуды бала кезден армандаған. Теміртаудағы қалалық ауруханада ол 35 жылдан бері хирург болып еңбек етеді. Талай науқасқа ем жасады. Өзі туралы көрмедегі деректерді тамашалағысы келгенімен, жарақат алушылардың көптігінен шыға алмаған.

Анатолий Шевченко, Теміртау қалалық ауруханасының хирургі:

Бізде уақыт тапшы. Шұғыл көмекке мұқтаж науқастар түсіп жатады. Басқа емделушілер бар. Ертең кәсіби мерекемізді атап өтуге еш кедергі тумаса екен деп тілейміз. Халықтың дені сау, жарақаты аз болса, бізде көбірек демалар едік.

Көрмені тамашалауға келгендердің бағасы біреу. Олар: "Теміртау мұражайындағы аурухана көрмесі, осы саладағы ғылыми қызметкерлер мен медицинамен жақын танысқысы келген кез-келген адамға таптырмас ақпарат көзі бола алады",- дейді.

Айжан ҚУАШ

Contacts

101404, Karaganda region
city of Temirtau, Metallurgov Avenue 28/4

phone: +7 (7213) 93-19-05
+7 747 185 58 02

E-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Opening hours

Monday- Saturday

From 9 am-18 pm

Saturday from 10am-18pm

Sunday - day off